Access бағдарламасының студенттері 20-22 маусым аралығында жазғы лагерін «Мирас» университетінің базасында өткізді. Жазғы лагер қала сыртында болмағанына қарамастан студенттер өз уақыттарын қызықты әрі пайдалы өткізе алды. Алғашқы күнін, Кэнди Чанг ханымның «Мен өмірден кеткенше ...» атты TED talk форматында жасаған презентациясын тамашалады. Студенттер Кэнди Чанг бастаған жобасының салдарын ортаға салып, түрлі халықтардың тілектері мен жалпы адам құндылықтарына анализ жасады. Ең қызықтысы, бұл жоба біздің елімізде Астана қаласында да өткен болатын. Соңында «Access бағдарламасы біткен соң мен...» деген ойға өздерінің пікірлерімен түйіндеді. Пікірлерді жинақтау барысында студенттердің түрлі армандары мен жоспарларын біле алдық. Олар жәй «...мен жақсылап ұйықтап аламын» дегеннен басталып «...Нью Йорк қаласында жұмыс істеймін» сияқты ойларымен аяқталды. Лагердің екінші күнінде бағдарлама студенттері «Басқа Жол» атты жобаның мүшесі Тимур Мирзахмедовпен спорт алаңында кездесу өткізді. Тимур балаларға стрит уоркауттың Шымкент қаласында пайда болу тарихын айтып, дұрыс жаттығу ережелерін және дұрыс тамақтануды түсіндірді. Кездесу барысында Қарағанды қаласындағы мектепте волонтер болып жұмыс жасаған Джордан Бэкке түрлі терминдер мен дене мүшелерін ағылшын тілінде түсіндіріп отырды.
Ал лагердің соңғы күнін студенттер Paint Ball алаңында Джордан Бэккемен өткізді. Ойындар «Мирас» университетінің жастар комитетінің көмегімен ұйымдастырылды. Күндерін партада өткізетін балаларға алғашқыда ойындар қиынға түсті. Бірақ Влад және Серік атты нұсқаушылардың көмегі зор болды. Сонымен қатар Джорданмен бірге ағылшын тілінде студенттер түрлі тактикаларын ойластырып, ойындарын жүргізе алды. Access бағдарламасының жазғы лагері есте қаларлықтай қызық өтті.