«Халықаралық балалар күні» немесе «Балаларды қорғау күні» ең көне интернационалдық мереке ретінде тарихқа енеді. Бұл күнді мерекелеу туралы шешім 1925 жылы Женевада өткен балалардың амандығы мәселелеріне арналған Бүкіләлемдік конференцияда қабылданды. II дүниежүзілік соғыстан кейін, балалардың амандығы мен денсаулығын сақтау мәселелері аса өзекті болып тұрған кезде, 1949 жылы Парижде әйелдер конгресі өтіп, онда балалар бақытының жалғыз кепілдігі ретінде берік бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін үздіксіз күрес жүргізу туралы ант қабылданды. Және сол жылы Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясы Кеңесінің Мәскеу сессиясында оның 2-ші конгресінің шешімдеріне сәйкес бүгінгі мереке күні белгіленді. Ал бір жылдан кейін, 1950 жылы 1 маусымда алғашқы Халықаралық балаларды қорғау күні өткізілді, содан бері бұл мереке жыл сайын атап өтіліп келеді.
Балаларды қорғау күніне орай, 2016 жылдың 30 мамырында ЖІК өкілдері мен «Мирас» университетінің белсенділері Шарипова Эльвира, Садық Аружан, Кузнецова Екатерина, Рахымжан Асылайым Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында болып қайтты. Еріктілердің әрбірі осы іс-шараға өз үлесін қосты: олар балаларға арнап тәттілер мен жемістерді сатып алды, бұл шараға қатысушыларды қатты қуантты. Арнайы мереке үшін көптеген қызықты танымдық ойындар ойлап табылып, балалармен бірге ойнатылды. Бұл кездесуден балалар мол қуанышқа бөленсе, студенттер олармен өткізген уақыттарына көңілдері толып оралды.
Кейде біз тек өз өмірімізді ғана күйттеп, басқалардың бақыты жайлы ұмытып кетеміз. Қазақстанда ата-анадан ерте айырылған, басында баспанасы жоқ балалардың саны өте көп. Біз әрдайым бір үлкен отбасының балаларындай бір-бірімізге қамқор болып, жанында ешкім жоқ кезде қолдау көрсетуіміз керек.
Адамдар, жан жылуларыңызбен бөлісіп, әрбір адамға күлкі сыйлаңыздаршы!