«Мирас» университеті демалыс күні таңертең жыл сайынғы «БҰҰ моделі» атты студенттік конференцияға асыққан студенттер мен мектеп оқушыларына өз сарайының есігін көктемнің күніндей айқара ашты.
Қатысушылардың көпшілігі өздеріне арнап «БҰҰ моделінің» аға тренері Нұрия Назипованың жетекшілігімен өз қатарластары өткізген көптеген тренингтерден өткеніне қарамастан, олар үшін конференцияға қатысу толғандыратын оқиға және тіпті сынақ болды деуге де болады, себебі олар түрлі елдерден келген БҰҰ өкілдерінің рөлін орындауы керек болатын. Бұл қатысушыларға белгілі бір дәрежеде жауапкершілік жүгін артқан-ды. Бірнеше ай бойы балалар БҰҰ-ның жұмысы жайлы оқып-біліп, әлемдегі саяси ахуалды зерттеді, экономикалық және әлеуметтік тұрақсыздық, биологиялық қару және Бас Ассамблеяда, ЭКОСОС пен Қауіпсіздік кеңесінің комитеттерінде талқыланатын басқа да мәселелер бойынша «өз елінің» пікірін білді.
«БҰҰ моделі» – осы халықаралық ұйым органдарының жұмысын көрсететін, әрбір студент бір елдің делегаты ретінде сөз сөйлейтін ғылыми конференция мен саяси-құқықтық рөлдік ойынның синтезі. Конференциялар жыл сайын әлемнің көптеген қалаларында бірнеше ресми тілдерде өтеді және зерттеушілік оқу-білім және тәрбие берушілік сипатқа ие. Ол жастарға шиеленістік жағдайларды дипломатиялық жолмен шешу, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға қажетті білім мен тәжірибені алуға мүмкіндік береді. Ойын барысында қатысушылар өз көзқарастарын қалыптастырып, мәселелердің шешімдерін ортаға салады, «БҰҰ моделі» қауымдастығындағы өз орнының маңыздылығын сезінеді.
Конференцияны Бас хатшының қызметін атқаратын «Мирас» университеті (Miras University International Model United Nations) студенттік клубы төрағасының орынбасары Мехриниса Азимова ашып берді. Комитеттерді студенттер: Данил Тугушев (ОҚМУ), Уәлихан Қожантай, Людмила Щепалина, Александра Цапенко (Мирас) және №8 мектеп-гимназияның оқушысы Аружан Жаңабаева басқарды. Биылғы конференцияны «Біріккен Ұлттар Ұйымының» 70-жылдығына арнау ұйғарылған, сондықтан бағдарламаға БҰҰ-ның қазіргі Бас хатшысы Пан Ги Мунның барлық елдердің жастарын барша халық үшін жарқын әлемді тұрғызу жолында күш біріктіруге шақырған бейнеүндеуі енгізілді.
«Мирас» университетінің ректоры А.С.Ажидинов өз сөзінде «БҰҰ моделі» студенттерге қажетті білім мен машықтарды игеруге, шешендік өнерді үйренуге, қарарларды (резолюция) жазуға, достасуға және жай ғана өз дүниетанымын кеңейтуге көмектесетінін атап өтті. Түрлі елдердің өкілдері – Канададан келген «Miras Student Life» директоры Janet Morin, Үндістаннан келген Шымкенттегі «AIESEC» өкілі Azmat Dilshad, ОАР-дан келген «Miras Student Life» қызметкерлері Mark Wood Ariane Erasmus, АҚШ-тан келген, Ақсукент ауылында Fullbright бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін David Galik, Ауғанстаннан келген А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті Yasir Rashid, сондай-ақ TESh ҚБ-дегі «Access» бағдарламасы бойынша ағылшын тілінің оқытушысы Нұрия Назипова мен «Мирас» университетінің халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, TESh ҚБ-нің президенті Р.А.Османова делегаттарға арнап сөз сөйледі.
«Мирас» университетінің саз колледжінен келген Ілиястың апа-қарындастары – Арай, Айман мен Шолпан «We are the World» әнін ағылшын тілінде шырқап, іс-шараға салтанатты сән берді. Байқоңырдағы бал билері байқауынан 1-ші және 2-ші орындарды иеленіп, жаңа ғана оралған Шымкент қаласындағы №45 мектеп-гимназияның оқушысы Сергей Гуленков пен оның серіктесі Лана Нұрбаеваның орындауындағы «Джайв» атты жалынды би де жағымды тосынсый болды.
«Дипломаттар» екі күн бойы ағылшын және орыс тілдерінде Мыңжылдықтың даму мақсаттарынан Тұрақты даму мақсаттарына өтуге қатысты маңызды мәселелерді талқылады, дауласты, шешім қабылдады. Көпұлтты аудитория, сондай-ақ, лаңкестік, экология мәселелері, экономикалық дағдарыстан шығу жолдары тәрізді және басқа да көптеген әлемдік қауіп-қатерлерді талқыға салды. Екінші күні ойын барысында нағыз шайқас қыза түсті, пікір таластыру жолымен делегаттар өздеріне сеніп тапсырылған елдердің мүдделерін қорғады, әлемдік мәселелердің шешімдерін бірлескен ынтымақтастық жолымен үйлестірді. Нәтижесінде делегаттар дипломатиялық жолмен келісімге келді. Таныстырылған қарардың тармақтары дауыс беру әдісімен іріктеп алынып, Бас Ассамблеяның және комитеттердің бірлескен қарарына енгізілді.
Қатысушы Фарух Азимов былай деп өз пікірімен бөлісті: «Мен үшін «Miras Model United Nations»-ға қатысу қызықты болды – конференцияның бірінші күні де, екінші күні де қарқынды өтті. «Model UN» біздің пікір таласу, жарыссөздерде сөз сөйлеу машықтарымызды дамытады, ішкі қарым-қабілеттерімізді жетілдіреді. Алдағы уақытта мен «Model UN»-ге қатысуды жоспарлап отырмын».
Қонақжай қожайындарға тән қасиетпен, отырыстар арасындағы үзілістерде «Мирас» қонақтарға арнап дастархан жайып, түрлі университеттер мен мектептерден келген балалардың шай үстінде әңгімелесіп, достасуына мүмкіндік берді.
Ақтық отырыста қорытындылар шығарылып, барлық қатысушыларға сертификаттар тапсырылды, үздік делегаттар болып танылған Сергей Гребенюк, Яссир Рашид пен Анар Омаровалар марапатталды. Бұл күндері делегаттарға Еуропада, Римдегі «БҰҰ моделі» итальяндық конференциясында жүрген «Мирас» университетінің студенті, MUIMUN клубының жетекшісі Ақмарал Сман жанкүйерлік етті. 2010 жылдан бері Ақмарал көп нәрсеге қол жеткізді: Шымкент пен Алматы конференцияларына қатысты, өз қатарластарын жаттықтырды, Қырғызстанның Бішкек қаласындағы Орталық Азия Американдық университетінде, Ұлыбританияның Лондон қаласындағы Imperial College колледжінде, Үндістанның Бхубанешвар қаласындағы KIIT University университетінде болып қайтты. Ақмарал клубтың жұмысын ұйымдастырып, MUIMUN орталық-азиялық конференциясын өткізді, ҚазҰУ-дегі БҰҰ моделі Бас хатшысының рөліне шақырылды және Алматы қаласындағы БҰҰ өкілдігінде тәжірибеден өтті. MUIMUN жетекшісі «Мирас» университетінен өте алыста, өзге елде жүргеніне қарамастан, конференция өте сәтті өтті. Мұнда Ақмарал Сманның да сіңірген еңбегі зор.
Материалды «Мирас» университетінің студенттері дайындады:
Мақала авторы: Голинских Виктория
Фотосуретші: Басистова Юлия